Ағымдағы жылдың 28 мамыр күні Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны, жасөспірім қыз үйінен белгісіз бағытқа шығып, ізім-ғайым жоғалады. Ата-анасы қыздарының жоғалғанын білген уақытта іздестіре бастайды. Алайда, нәтиже шықпаған соң, полицейлердің көмегіне жүгінген. Полицейлер арызданушының жазған арызын СДТБТ-не тіркеуге алып, атқарылуға тиісті шараларды бастап кетеді. Осылайша, Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары топ-топқа бөлініп, 14 жасар қызды ерекше белгілері бойынша іздестіреді. Ақыры жедел атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім қыз, анасының танысының үйінен табылады. Тәртіп сақшыларының айтуы бойынша табылған қыздың денсаулығына төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Сонымен қатар, қыз баланың үйінен ешкімге айтпастан шығып кетуіне не себеп болғанын анықтау мақсатында тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қыздарынан қапияда көз жазып қалған ата-ана, арыз түскен сәттен бастап, жедел әрекет етіп, қызын аман-есен тауып берген тәртіп сақшыларына дән ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданында жергілікті тұрғын сауда орталығында сауда жасап жүріп, қасындағы қызынан көз жазып қалған. Төрт жасар қызын жоғалтып алғанына қатты өкінген және шарасыз қалған ана бар үмітін сақшыларға артады. Ақыры, полицейлер жедел әрекет етіп, бүлдіршін жоғалған аумақты басты назарға алып, іздестіруге күш салады. Нәтижесінде, санаулы сағаттың ішінде төрт жасар қызды тауып, анасымен қайта қауыштырады.
Айта кетейік, жыл басынан бері облысымыздың полицейлері із-түссіз жоғалып кеткен 9 бүлдіршін мен жасөспірімді аман-есен тауып, ата–аналарына табыстаған.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ескертеді: егерде жақын адамыңызды немесе туысыңызды жоғалтсаңыз, уақыт өткізбестен «102» нөміріне қоңырау шалыңыз. Бүгінгі таңда оқушыларға жазғы демалыс уақыты болғаннан соң, әсіресе ата-анасына ештеңе айтпастан үйінен шығып кететін балалар көптеп кездесіп, жақындарын әурелеп қояды. Сондықтан, әрбір ата-ана өз баласына жауапкершілікпен қарап, оның қауіпсіздігін қамтамасыз еткені жөн. Барынша балаларға үлкендердің рұқсатынсыз ешқайда шықпау керектігін естеріне салып, мұқият түсіндіру қажет.
Полиция қызметкерлеріне жоғалған адамның ерекше белгілері туралы толық мәлімет беріп, қандай адамдармен араласатыны, жақын арада қандай оқиға болғанын немесе болатынын айтқаныңыз жөн. Ештеңені жасырып қалмауға тырысыңыз. Өйткені, жоғалған адамға қатысты кез-келген мәлімет хабар-ошарсыз кеткен адамның дер кезінде табылуына өз септігін тигізеді.
Түркістан облысы
Revizorro
