• Пн. Апр 29th, 2024

REVIZORRO

БАҚЫЛАП КӨРЕЙІК — ДАВАЙТЕ ВЗГЛЯНЕМ

Түтін ішіндегі тілшілер…

Автор:REVIZORRO

Окт 14, 2019

От, су және мыс құбырлар, от жауынгерлерінің жұмысындағы экстремалды жағдайлар қалыпты құбылыстардың бірі болып қана саналады. Құтқарушылар кез-келген сәтте бастарын тәуекелге тігіп, қауіпті іске кірісіп кетеді. Ал олардың өте қолайсыз ортада жұмыс істейтіндігін сөзбен айтудың өз артық.

Осыған орай ағымдағы жылдың 10 қазанында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күні кәсіби мерекесі қарсаңында Жамбыл облысының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында «Өрт сөндіру квесті» өтті.

Мұндағы мақсат тілшілер қауымын өрт сөндіру кәсібінің қыр-сырымен жете таныстырып, тәжірибелік тұрғыда көрсету, сондай-ақ от жауынгері өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында қандай қиындықтармен бетбе-бет келуі ықтимал екендігін шағын да болса тәжірибемен көрсету болып табылады.

Аталған өрт сөндіру бөлімнің бастығы, азаматтық қорғау майоры Асқар Қуанышбекұлы Базарбаев бастаған жеке құрам келген қонақтарды ықыласпен күтіп алып, БАҚ өкілдеріне Жамбыл облыстық гарнизонының мақтаулы бөлімінің жауынгерлік бөліміне экскурсия ұйымдастырылды. Одан әрі олар «Өрт сөндіру квестінің» «Жиын және дабыл бойынша шығу» бір кезеңіне өтті. жауынгерлік киімнің стандартты жиынтығы арнайы ыңғайға келітіріліп қойылды. Міне осылайша шұғыл киіп кетуге ыңғайлап қойылған шлем, отқа төзімді күртеше мен қалың шалбарлардың әп-сәтте-ақ киілуінің сыры осында болып табылады. Ал мұнан соң балта мен карабин ілінген белбеу тағылды. Міне осымен бәрі дайын. Дегенмен от жауынгерлерінің күнделікті атқаратын шаруаларының бірі жауынгерлік киім кию тілшілер қауымы үшін біраз қиындықтар туғызды. Себебі олар киюін кигенімен талап нормаларына сай кие алмады. Енді ше, олар кәсіби шыңдалған от жауынгерлері емес, орақ тілді от ауызды тілшілер емес пе?!

Әйтсе де намысқа тырсқан олар барынша жылдам қимылдап, көлікке отырды.

Ал тілші-құтқарушылар одан әрі «Жауынгерлік қанат жаю» деп аталатын екінші кезеңіне де өтті. Қанат жаю әдісі от жауынгерлері емес, қарапайым тілшілер атқаратындығына қарамастан барлық нормалары қатаң сақталып өткізілді. Осылайша сала қонақтары жең жолағын тартып, екі өрт оқпанынан су берді. Белгілі бағытқа атылған су екпініне куә болған БАҚ өкілдерінің қуанышында шек болмады. Аталған әрекет оларға ерекше жауынгерлік рух пен күш-қуат сыйлағандай әсерде болды.

Мұны сырттай бақылап тұрған бөлім бастығы Асқар Қуанышбекұлы тілшілерге өрт сөндіруші-құтқарушылардың жұмысы шындығында қандай күрделі екендігін, олардың тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да күрделі жағдайларды бастан өткеретіндігін, көзге түртсе көргісіз қиын жағдайда жұмыс атқаруға тура келетіндігін түсінген ләзім екендігін тілге тиек етті. Ол одан әрі әжептеуір ентігіп, шаршаңқырай бастаған тілшілерді шараның үшінші кезеңі «Жылу түтін камерасына» бастап барды.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші әлгіндегі екпіндерінен айрылып, ұнжырғалары түсе абстаған тілшілерге жылу түтін камерасының жарақтарымен жан-жақты таныстырып, нұсқау жұмысын жүргізді. Өз кезегінде қызыл сөздің майын тамызатын мамандар екі командаға бөлініп, аталмыш жайға бас сұғып, түтінмен бетпе-бет айқасып, лабиринт арасынан зардап шегушіні іздеуге кірісті. Қалай дегенмен жылу түтін камерасының лабиринті БАҚ өкілдері үшін үлкен сынақ болды. Түтінге толы шиыр жолдардан өтіп, финишке жетіп, сыртқа шығу бақыты бәріне бірдей бұйыра қойған жоқ.

Иә, оларды да түсінуге болады емес пе?! Мысаға еркі ауамен тыныстап, кең аумақта алшаңдай басып жүрген сізді ә дегеннен ой-шұңқыры өзіңізге беймәлім, тар әрі қараңғы, жайсыз қуысқа кіргізіп жіберсе қандай күйде болар едіңіз? Көпшілігінің аузында «мына жерде шығар жол жоқ» деген сөздер қайталанумен болды. Әр команданың басында өрт сөндіру бөлімінің бір қызметкері орта жолда адасып қалмас үшін бастап жүргендігін атап өткен жөн.

Әбден қажыған тішілер қауымы әлі алда өздерін келесі бір сынақтың күтіп тұрғандығын естігенде көздері шарасынан шықты. Бұл кезеңде олар оқу мұнарасына сатымен жоғары шыққан болатын. Дегенмен барлық кезең өзіне тән қызықтарымен есте қалды. Булары бұрқырап, буындары сырқыраған БАҚ өкілдері барлық кезеңді артқа тастаған соң от жауынгерлерінің дастарханының басынан табылып, пиала толы қою шәйға бас қойды. Дәм ауыз тие отырып олар бүгінгі квест барысында кейбіреуі өздерінің қорқыныштарын жеңгендігін айтып, мәре-сәре әңгіме дүкен құрысып, бүгінгі шараны ұйымдастырушылар мен от жауынгерлеріне алғыстарын білдірісті.

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесінің Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
revizorro.kz whatsapp
Сәлеметсіз бе?
Здраствуйте?