• Пн. Апр 29th, 2024

REVIZORRO

БАҚЫЛАП КӨРЕЙІК — ДАВАЙТЕ ВЗГЛЯНЕМ

От жауынгерлері …

Автор:REVIZORRO

Апр 4, 2020

Тілсіз жау болып саналатын өрт, табиғи апаттар мен түрлі сипаттағы қауіп-қатерлер – өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғаны жасырын емес. Әрине, алда не күтіп тұрғанын ешкім де дөп басып айтып бере алмасы анық. Мұндай күрделі жағдайға кез-келген адам жынысы мен жасына қарамастан ұшырасып қалып жатады. Ал дәл осы уақытта алғашқы болып қол созатын ол от жауынгерлері. Міне сондықтан өрт сөндіруші мамандығы әрдайым маңызды мамандық болып қала бермек.
Бүгін біз сіздерге Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесінің өрт сөндірушілерінің қызметі туралы тілге тиек еткенді жөн көріп отырмыз. Аталмыш гарнизондағы өрт сөндірушілердің жұмыс кестесі үш тәулікте бір ауысымға түсумен іске асады. Ол дегеніңіз үш тәулік демалып, тек бір тәулік қана қызмет етеді деген сөз емес. Тілсіз жауға тосқауыл болып жүрген жігіттерді әлгі демалыс күндерінің кез-келгенінде дабыл бойынша шақыртуы мүмкін. Мысалға көктемде аумаққа су жайылса, жазда орман-дала өрті күшеюі ықтимал. Осылайша құтқарушылар жыл бойы түрлі сипаттағы айтып келмейтін апаттармен күресін жалғастыра береді. Мұнан өзге олар күнделікті тыныс-тіршілігімізде қауіп-қатерге кез болған адамдарды апаттардан арашалау үшін өз өмірлерін бәске тіге отырып шақырту орнына шұғыл аттанады. Жалпы өрт сөндірушілерге қызметтерін тиісті деңгейде атқарулары үшін тек қажымас қайрат пен жоғары физикалық дайындық қана емес, сонымен бірге психологиялық тұрақтылық пен өзін өзі басқару, тәртіпке бағыну, топпен жұмыс істей білу, өзгенің басына түскен ауыртпашылықты жан-тәнімен сезіне білу секілді қасиеттерді сіңіре білген кәсіби маманға айналуды да қажет етеді. Міне сондықтан да сала мамандары өзжерінің күнделікті қызметі барысында әрдайым кездесуі ықтимал қауіп-қатерлерді ауыздықтау үшін тәжірибелік тұрғыдан көптеген жаттығулар жасаса, саладағы психологтар өз кезегінде психологиялық тренингтер мен сабақтар жүргізіп, тест сынақтарын алып отыруды әдетке айналдырған. Себебі өрт сөндірушілерге кез-келген уақытта қауіпке қасқая тұруға тура келеді. Тіпті барлық адам жанұшыра қашып жатқан жерге олар келіп ештеңе қарамастан қауіп ішінеқойып кетеді емес пе?! Дегенмен олар қанша көзсіз тәуекелге барғанымен әрдайым өздерінің қызметтік міндеттерін естен шығармай, сәйкесінше жұмыстарын сауатты атқаруға кіріседі. Кей жағдайда өрт орын алған аумаққа келіп жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндіру үшін су шашпақ болғанда алдымен өртке оранған тұрғынжайдың электрмен қамтылуын ток көзінен ажыратқанша су беруді кідірте тұруларына тура келеді. Ал мұндай жағдайды дұрыс түсінбей дүрбелеңге салынған жұрт «әне, өрт сөндірушілер ылғи өрт орнына осылай сусыз келеді» деп даурығады. Кей жағдайда 5 тонна судың жылдам таусылуы салдарынан да жұрт осындай ойға қалып жатады. Ал шындығында әлгі 5 тонна су жоғары қысыммен жұмыс істеу барысында небәрі 5-10 минут ішінде түгесіліп қалатындығын бірі білсе, бірі білмесі анық.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады демекші тілсіз жаумен алысып жүрген от жауынгерлеріне көшеде өтіп бара жатқан өзге жандар келіп «мұнда не болып жатыр?», «жанғанына көп уақыт болды ма?», «адамдарды шығардыңыздар ма?», «сусыз келген бе?», «суды қайда шашып жатыр?», «қимылдары өте баяу» деген секілді жаныңды қажытатын сөзерге жиі куә болады. Ыстық жалын бетін шарпыған жігіттер кәсіби тұрғыдан жіті қимылдап, онсыз да барын салып жатқандарын көрсе де сезбейді-ау шамасы. Немесе олардың жұмыс атқаратын офистеріне, я болмаса кабинеттеріне бас сұғып немен айналысып жатқандарын сұраса өздері қалай қабылдаған болар еді?! Иә, тек айтуға ғана оңай. Шындығында қатерге қарсы тұрып, қара тер көмген жүзін білегімен сүрте, өзгенің өмірі үшін өз жанын құрбан етуге дайын, ыстық жалынмен арпалысқан жігіттердің ерлікпен барабар қызметіне түсіністікпен қарайтын кез жеткен жоқ па?! Қалай дегенмен де өрт сөнірушінің жұмысы күрделі әрі ауыр. Себебі олар ыстық, қауіпі, көкейге қорқыныш ұялататын, дененің азғантай бөлігіне тиіп кеткеннің өзінде жаныңды шырқыратын жіберетін қызыл жалын – отпен арпалысады емес пе?! Олар да ет пен сүйектен жаралғандығын естен шығармаған жөн болар.
Әрине олардың да ыстығы бетті шарпитын ғимаратқа кірерде бойларын қорқыныш билейтін болар. Олар да үйлеріне аман-есен қайтып, отбасымен дені сау қалпында қауышуды ойламайды дейсіз бе, ойлайды әрине. Дегенмен олар төтеннен төнген қауіпке қарсы тұрып, ажалмен арпалыса жүріп, өзгелердің өмірін қорқыныштан биік қойған жандар. Кейде олар бөлімшеге оралғанда қатары сиремеген, яғни толық құрамда оралуына кім кепіл?! Ал от жауынгерлері тәуекелге бел буған, өз кәсібіне шын берілген қарапайым әрі жаны жайсаң жандар. Ал өз кезегімізде тұрғындардан өтініп сұрайтынымыз бір ғана нәрсе – тек өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, сақ жүрген абзал дегіміз келеді.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің сержанты
Карина Карташова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
revizorro.kz whatsapp
Сәлеметсіз бе?
Здраствуйте?