• Сб. Май 11th, 2024

REVIZORRO

БАҚЫЛАП КӨРЕЙІК — ДАВАЙТЕ ВЗГЛЯНЕМ

Түркістан: Жетісайдың келіні, жас тергеуші — Жаннұр

Автор:REVIZORRO

Апр 14, 2020

Тергеуші-қылмыскерлерді кәсіби шеберлігімен құрықтап қана қоймай, нақты айғақтар арқылы ақ пен қараның ара жігін ажыратып, ҚР заңдарына сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізеді. Бүгінгі мақаламыз осы ауыр қызметтің жауапкершілігін абыроймен арқалап жүрген тергеуші қызға арналмақ.

Бойшаң келген сары қыз, Түркістан ҚПБ-ның тергеушісі, полиция капитаны Ғашихова Жаннұр Тарихқызы – жан қалауымен құқық қорғау саласына келген. Оған еш өкінбейді де. Мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап, өз қызығушылығымен әскери дайындық пәнінен түрлі жарыстарға қатысып жүріп, санасында тәртіп сақшысы боламын деген ой қалыптасқан. Бұрымдының ес білгелі мақсаты да осы – тәртіп сақшысы атану еді. Бүгінде сол арманына жеткен полицей қыз, қызметте үнемі жақсы көрсеткіштермен көрініп, қылмыстық істерді жедел ашуда.

Жаннұр Тарихқызы 1992 жылы 4-ақпан күні Атырау облысы, Атырау қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы 9 перзентті өсіріп-баптаған аяулы жандар. Әкесі — Ғашихов Тарих Фаритұлы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етсе, анасы — Иғалиева Райхан Жұмағалиқызы медбике болып қызмет атқарған қарапайым жандар.

Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы қара шаңырақтың кенже қызы. Әке-шешесі, әпкелері мен ағаларына еркелеп өскен Жаннұрдың бала кезден әрбір айтқаны сөзсіз орындалатын. Барлығы мұны еркелетіп, хан қызындай өсірген. Отбасындағы жылулық пен айналасындағылардың бұған деген ерекше қарым-қатынасы оны ақкөңіл, айтқанынан қайтпайтын, ойын ашық жеткізіп, өз дегенін жасайтын қайсар қыз болып өсуіне ықпал етті. Осылайша, жасы жетіп, Ғ. Масалимов орта мектебінің табалдырығын аттап, білім алды. Барлық қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, қатарластарына оқ бойы оза шапты. Жаннұр мың сұлудың арасындағы ерекше «Аққу» еді. Ұзын бойлы, жанары жанып тұратын, аққұба өңді, көрген жанды бірден баулап алатын қасиетімен құрбыларынан ерекшеленетін. Мұның барлығы оның бойына сенімділік ұялататын. Содан 2009 жылы 11-сыныпты тәмамдап, бала арманын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясына құжаттарын тапсырып, оқуға түсті. Жаннұрдың сол кездегі қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені, отбасында ешбір полицей

шықпаса да, оның осы салаға деген өзгеше ынтызарлығы өз жемісін берді. Оқуда озат болып, мұнда да өз белсенділігін көрсетті. Жанқиярлықпен, бар ынта-жігерімен білім алды. Студенттік шақта, оқуының алғашқы жылдарында-ақ бойжеткен, өзінің болашақ жарын кездестірді. Осы қос ғашықтың махаббат-дастандары соңында тоймен аяқталды. Оқу бітіріп, диплом алған жылы, яғни 2013 жылдың тамыз айында өзінің сүйіктісі Мелс Есалыұлына тұрмысқа шыққан Жаннұр, Жетісай қаласының келіні болып шыға келді. Қазіргі таңда 6 жасар Есімжан мен 4 жасар Ерке есімді кішкентай балапандардың аяулы анасы. Жаннұрдың сүйіктісі де Ішкі істер саласында қызмет атқарған. Алматы академиясында взвод командирі лауазымында болған азамат. Қазіргі таңда, белгілі бір себептерге байланысты жеке кәсіппен айналысады. Өздеріңіз оқып отырғандай, қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Жаннұрды қалай мақтасақта жарасады емес пе?! Оған қоса, Жаннұр 2015 жылы Қайнар академиясының «Құқытану» мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2017 жылы «Магистр» ғылыми дәрежесін алып шыққан.

Осы тұста, Жаннұрдың алғашқы еңбек жолын айтып өтсек. Ол 2013 жылдың сәуір айынан бастап, Атырау облысы Полиция департаментінде Атырау ҚПБ тергеуші лауазымымен жұмысқа орналасқан. Қыз баласы үшін басында бұл салада қызмет ету оңайға соқпаған. Себебі, жүгі ауыр, жауапкершілігі зор, өзі сүйіп қалаған мамандығының қиындығы да, қызығы да мол екендігіне іс жүзінде көзі жетті. Бірден қылмыстық істерді тергеуге кірісіп кетті. Ең бірінші қалта ұрлығы бойынша істі алып, оны жеделдетілген өндіріспен сотқа жолдаған. Алғашқы тәлімгері – полиция майоры Дюсегалиев Жасұлан Сағидоллаұлынан өміріне азық болар талай дүниелерді үйреніп, жаттықты. Қылмысты ашуда, қылмыскерді ұстауда, әділ тергеу жұмыстарын жүргізуде қажетті қасиеттердің барлығын тәлімгерінен үйреніп алды. Бірден түсініп ала қоятын қызды, тәлімгері де жоғары бағалап, өзіне тартып, қызметіндегі тәжірибесімен бөлісіп, үнемі ақыл-кеңесін айтып отырған.

Жаннұрдың айтуынша, заңды толық жатқа білетіні оған көптеген қылмыстық істерде, тұрғындарға кеңес береде септігін тигізген. Нәзік жанды болғаннан кейін әрине, полицей болу оңай болмаған. Алайда, Жаннұрдың өмірлік ұстанымы – «ешқашан қайтпа, алға ұмтыл». «Күнделікті жұмыс барысында түрлі адамдармен тілдесеміз. Мысалы, күдіктілермен, куәгерлермен, жәбірленушілермен сөйлескенде өзің үшін психолог болып кетесің. Өтіріктің түбінде көмкерілген ақиқатты табу үшін алдыңдағы адамның ішкі ойын оқи алуың қажет.Тергеушілердің негізгі міндеті де осы ғой»- дейді жас тергеуші Жаннұр Тарихқызы. Жұмысыңыз қауырт.Өзіңіз анасыз, аяулы жарсыз. Отбасына көңіл бөлу

жағы қалай? Бос уақытыңыз болады ма?- деген сұрағымызға, Жаннұр жымия былай деп жауап берді. — «Әрине бос уақытымыз көп бола бермейді. Десекте отбасыма қолдан келгенше көңіл бөлемін. Жұбайым да осы саланың қыр-сырын білетіндіктен маған қолдау көрсетеді. Қажет кезінде көмектесіп отырады. 7 жылға жуықтапты қызметте жүргеніме. Аллаға шүкір, қолпаштап отыратын жұбайым бар. Сондықтан, кішкене де болса, қолым босай қалса, отбасыммен өткізіп, ас-тамақтарын дайындап беремін. Одан бөлек, үнемі спортпен шұғылданып жүреміз. Ол өзіміз үшін қажет».

Ал, тергеуші қандай болу керек?-деген сұрағымызға;

— «Тергеуші заңды мықты меңгеріп, қылмыстық-процестік заңнаманы жақсы біліп, олардың талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Қылмыскерлерден жауап алу барысында қаталдық пен әділдікті сезінуің керек. Полицей болу – бұл күн сайынғы арпалысу. Тергеуді жүргізуде жеделділік, қырағылылық, талапшылдық ең қажетті қасиеттер»–дейді өз мамандығының қыр-сырын меңгеріп үлгерген жас тергеуші Жаннұр.

Бүгінгі күні қоғамдағы тәртіп пен берекені бұзып, құқықбұзушылық әрекеттерін жасайтындар қатары жеткілікті екені белгілі. Ал, қылмыскерлердің жасаған қылмысын анықтап және әр сағатында әртүрлі оқиға болып, оны ашуға қаншама күш-қайрат жұмсалатынын елеп-ескеру керек. Сол себепті қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін тергеушілердің еңбектері ерен деп айтсақ артық болмас. Жаннұрға да болашақта алға қойған барлық мақсаттарыңыз орындалып, генерал бола беріңіз деген тілегіміз бар.

АЙДАНА ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
revizorro.kz whatsapp
Сәлеметсіз бе?
Здраствуйте?