• Вс. Май 19th, 2024

REVIZORRO

БАҚЫЛАП КӨРЕЙІК — ДАВАЙТЕ ВЗГЛЯНЕМ

Ритейл темекі өнімдерін орналастырудың тыйым салынуына қарсы

Автор:REVIZORRO

Май 15, 2019

Алматы, 14 мамыр, 2019 ж. — Сауда кәсіпорындарының қауымдастығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексі жобасының ережелері елдегі он мыңдаған сауда нүктелері үшін үлкен кедергі тудырады деп дабыл қағуда. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дайындаған аталмыш жобасы аясында қазіргі таңда мақұлдастыру рәсімдері өткізіліп жатыр.

 «Темекі өнімдерін орналастыруға тыйым салу 2013 жылы талқыланып, қабылданбай тасталды, өйткені бұл норма мақсатқа сай емес және шылым шегуге қарсы күресуге көмектесе алмайды деген шешім жасалды. Денсаулық сақтау министрлігі неліктен тағы да бұл мәселені көтеріп отырғандығы түсініксіз. Темекі – ішімдік немесе құрамындағы қанты мен тұзы көп өнімдер секілді заңды тауар, шынын айтқанда бұл өнімдердің тұтынушыларға зиян келтіру деңгейі темекіге қарағанда әлдеқайда жоғарырақ. Мұндай қисынға салатын болсақ, онда бүкіл тауарларды орналастыруға тыйым салу қажет», — дейді Қазақстан Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева.

Қазақстандағы барлық дүкендер мен супермаркеттерді дерлік біріктіріп отырған және де олардың мүддесін қорғаумен айналысатын Сауда кәсіпорындары қауымдастығы басшысының пікірінше, Кодекстің жаңа нормалары міндетті түрде мемлекеттік бюджетке түсетін салықтың айтарлықтай қысқаруына, контрафактілік өнімдердің көбеюіне, сондай-ақ, жұмыс орындарының қысқаруына және шағын кәсіпорындарының жабылуына алып келмек.

AC Nielsen мәліметтері бойынша 2018 жылы Қазақстандағы контрафактілік өнім үлесі шамамен 1,8-2% құраған, осылайша мемлекеттік бюджет салық түрінде түсетін ең кем дегенде 1,9 млрд. теңге қаржыдан айырылып қалған.

«Темекі өнімдерін орналастыруға тыйым салу сатушы сөресіне тығып сатылатын контрафактілік өнімнің түсу ықтималдығын арттыратындығы дәлелденген. Мәселен, беделді AC Nielsen халықаралық агенттігінің мәліметі бойынша, көршілес Ресейде 2014 жылы темекіні ашық жайғастыруға тыйым салғаннан кейін, заңсыз темекі өнімдерінің сатылымы 2013 жылы 19,3%-дан 2016 жылы 28,3%-ға дейін жеткен», — дейді Қазақстан Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Қалиұлы Әбішев.

Темекіні өнімдерін орналастыруға тыйым салынғанымен, бұл темекі шегу деңгейінің сол баяғы деңгейде қалуына алып келген, мұны басқа елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Мәселен, Канада мен Ирландияда тыйым салынғаннан кейін, шағын дүкендердегі сатылым төмендеп, заңсыз сауда айтарлықтай өскен. Ирландияда тыйым салынғаннан кейінгі айналымдағы заңсыз өнімнің бастапқы үлесі 12%-ға жуық болған, бұл тұста олардың жартысы контрафактілік өнім болған. Ал қазіргі таңда Ирландиядағы заңсыз өнім үлесі бүкіл жалпы нарықтың 25%-ын құрап отыр.

Тура осындай жағдай басқа да халықаралық нарықтарда орын алды: Канаданың Онтарио және Квебек провинцияларында алғаш рет темекі өнімдерін жайғастыруға тыйым салынған кезде, 2008 жылы заңсыз сауданың жедел қарқынмен өскені байқалған (Онтариода 2007 жылы 31,6%-дан 48,6%-ға дейін және Квебекте 2007 жылы 30,5%-дан 40,1%-ға дейін).

Бірқатар сауда нүктелері үшін темекі өнімдеріне арналған сөрелерді қайта жабдықтаумен байланысты шығындар шамадан тыс ауыртпалыққа айналуы мүмкін. Темекіні сақтауға және сатушының сұрауы бойынша ғана темекіні көрсетуге мүмкіндік беретін арнайы сауда жабдықтың орташа құны 180 мың теңге тұрады. Осылайша мұндай жабдықты сатып алуға кететін шығын шағын және орта бизнестің, әсіресе, шағын бөлшек сауда нүктелерінің мойнына жүк болып түседі.

Қоғам белсенділері бұл шешімдер не дүкендердің жабылуына, не темекіні заңсыз сатуына алып келеді деп алаңдап отыр. Кодекске енгізілген түзетулер жүздеген дүңгіршектің ойсырауына алып келуі мүмкін. Шағын сауда нүктелерінің табысы ең кем дегенде 25%-ға темекі өнімдерін өткізуге тәуелді болып табылады.

«Шағын дүкендер – Қазақстандағы көптеген отбасылардың басты табыс көзі, соның ішінде менің отбасым үшін де. Темекі сөрелерін жабу, арнайы жабдықты сатып алу біздің қалтамызға үлкен ауыртпалық салмақ. Біз салық төлеп, адамдарға жұмыс береміз, ал халық темекіні тастасын деп бізді енді күнделікті табысымыздың төрттен бірінен айырмақшы. Темекі қораптарына қорқынышты суреттерді жапсыру, темекі бағасын көтеру, осы уақыт ішінде енгізілген тыйымдар ешқандай нәтиже бермеген болса, неліктен сөрелерді жабу бұл мәселені шеше алмақ? Мұндай мәселелерден кейін мен сияқты сатушылар темекі шегіп қайғыға батып кетпесе болғаны! Мұндай норма үлкен және шағын сауда нүктелерін теңсіз жағдайға қойып отыр деп есептеймін. Мысалы, сатушының тауарды сұрап, оны қарауға уақыты жоқ. Егер ол тауарды көрмесе, басқа дүкенге, әрине, үлкенірек дүкенге немесе супермаркетке кететіні айдан анық», — деп Айгүль Ибраева наразылығын  білдірді алматылық дүкендердің бірінің қожайыны.

Қазақстан Республикасындағы шағын және орта бизнес өкілдері заң жобасына қарсы қол жинауды бастап кетті. Қазір оған 2500 адам қол қойды. Кәсіпкерлер петицияны ел үкіметіне жолдайын деп отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлер Кодекстің жаңа нормаларына қатысты наразылықтарын білдіру үшін бейне-үндеуді дайындап қойды.

Қауымдастық өкілдері темекі шегумен байланысты мәселені салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту және өскелең ұрпақпен дұрыс тәрбиелеу жұмыстарын өткізу арқылы шешуді ұсынады. Ал дұрыс ойластырылмаған тыйым салулар елдегі шағын және орта бизнеске, сондай-ақ, мемлекеттік және жергілікті бюджетке орны толмас зиян келтіреді.

Барлық дамыған елдерде шағын және орта бизнес экономиканы нығайтудың іргетасы ретінде кедейшілікке қарсы күресу үшін стратегиялық маңызға ие. ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында шағын және орта бизнесті ел экономикасының басты қозғалтқышы деп атады. Осы саланың қызметіне жан-жақты қолдау көрсету жаңа жұмыс орындарының құрылуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, сондай-ақ, нарықтағы тепе-теңдіктің орнауына алып келмек.

Алайда, іс жүзінде мемлекеттік органдар шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды дайындап отыр.
«REVIZORRO»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
revizorro.kz whatsapp
Сәлеметсіз бе?
Здраствуйте?