• Пн. Май 20th, 2024

REVIZORRO

БАҚЫЛАП КӨРЕЙІК — ДАВАЙТЕ ВЗГЛЯНЕМ

Қазақ даласында дау бейбіт жолмен шешіліп отырған.

Автор:REVIZORRO

Май 13, 2020

Мамыр айының басында Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Асановтың оқырманға арнаған үндеуінде: — Қазақ даласында дау бейбіт жолмен шешіліп отырған. Дамыған елдерде даулардың 70-90%-ы сотсыз, бітіммен аяқталады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бір мәмілеге келу. Біз елімізде дау-дамайдың барынша аз болғанын қалаймыз. Татуласу үшін жан-жақты жағдай жасаудамыз. Өңірлерде Татуласу орталықтарын аштық. Онда медиаторлар, психологтар, басқа да мамандар жұмыс істеуде. Орталықтың міндеті – екі жаққа да қолайлы шешім ұсыну. Медиаторды әр адам өзі таңдайды, біз тек олардың тізімін ұсынамыз. Жергілікті соттар осының барлығын түсіндіріп, жол көрсетуге міндетті. Құрметті оқырман! Татуласу – дауды шешудің ең дұрыс жолы. Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш». Бұл – қанымызда бар қасиет. — делінген.
Осы үндеуді халыққа түсіндіріп, медиацияны насиxаттау мақсатында екі аптада Шымкент қаласының Қаратау, Еңбекші аудандық және мамандандырылған Экономикалық соттарының судьялары мен қалалық соттың баспасөз хатшысы «Ońtústik» телеарнасының «Қауіпсіз қала» бағдарламасына сұхбат берді және оның барлығы «Ońtústik» телеарнасынан көрсетілді. Сонымен қатар, биылғы 4 айда сот қызметкерлерінің 20-дан астам мақаласы түрлі басылымдарға шықты, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялардың Фейсбуктегі парақшаларында онға жуық посттары жарияланды. Мұндағы мақсат дауласушы тараптарды татуласуға, бітімге, келісімге шақыру еді. Себебі, соңғы жылдары ел ішінде «соттасып жүрмін», «сотқа беремін, ажырасамын» деген сөздер жиілеп кетті. Бұрын «Ажырасу абырой әпермейді», «Бас жарылса бөрік ішінде…» дейтін қазақ, өз арасындағы дауын өзгелерге білдіртпеген. Мұндай дау-жанжалды сотқа жеткізбей-ақ, әулеттің ақсақалы бір ауыз сөзбен екі жақты да жөнге салып, оларды жарастырып отырған. Қазіргі кезде, араздасқан немесе жанжалдасқанға өзара татуласып, келісімге келіңдер деп, біздің 5-6рет, тіпті 20-30 мәрте айтқанымыз, әрине аздық етеді! Сондықтан, оған баршамыз бірлесе, Ж.Асанов айтқан: «Татуласу – дауды шешудің ең дұрыс жолы. Бұл ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Осы құндылықтың қадірін білейік!» деген сөзін дауласушы тараптың құлағына күнде құя беруіміз керек. Біздің осы ізгі мақсатымызды Фейсбуктегі менің достарым, медиаторлар мен заңгерлер, блогерлер т.б. азаматтар қолдайды деген пікірдемін.
Осы ретте, 2018 жылы Жоғарғы Соттың бастамасымен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» және «Отбасылық сот» пилоттық жобалары қолға алынып, жергілікті соттарда осы жобалар аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, жылдан-жылға медиация тәртібімен қаралған істердің саны артып, ал ажырасу біртіндеп азайып келе жатқанын айта кеткім келеді.
Сөз соңында ағайынға айтарым, алдағы уақытта сотқа келетін адамдар соттасқаннан татуласқанның тиімді екенін терең түсініп, кез келген дау-дамайды бітімгершілікпен бітірсе екен деймін!
Қабыл Дүйсенби, Шымкент қаласы соты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
revizorro.kz whatsapp
Сәлеметсіз бе?
Здраствуйте?