• Вт. Апр 30th, 2024

REVIZORRO

БАҚЫЛАП КӨРЕЙІК — ДАВАЙТЕ ВЗГЛЯНЕМ

Патриотты полицей

Автор:REVIZORRO

Май 29, 2019

«Елді сүю, отанды сүю, халқыңа қызмет ету менің басты ұстанымым. Елім үшін кез-келген сынаққа, кез-келген еңбекке дайынмын. Елімнің болашағы үшін еңбек етуден шаршамаймын. Полиция қызметкері болу ол менің мақтанышым. Сүйікті ісім.» -дейді Нұркен Алимбеков.

Нұркен Алимбеков 1986 жылы Түркістан облысы Сарыағаш қаласында, қарапайым кәсіпкер мен медбикенің отбасында дүниеге келген. Әкесі Ауесбек Үсенбекұлы Алимбеков Сарыағаш қаласының тумасы. Анасы, Абиба Жұбайқызы Құлжанова Сарыағаш ауданындағы аурухананың бірінде медбике. Отбасындағы екі ұл мен екі қыз әкесінің өнегелі істерімен, анасының тазалықты сүйіп, кіршіксіздікке үйретуінің арқасында өмірде өз орындарын тауып, сүйікті істерінің шебері атанған десек артық айтқанымыз емес. Бала Нұркен 2003 жылы Сарыағаш қаласындағы С.Ысмайлов мектебін жақсы көрсеткішпен тәмәмдап, дәл сол жылы Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтының тыңдаушысы болып, үздік біліміне қатысты марапаттарымен марапатталып, лейтенант шенімен аяқтайды. Білімге әбден сусындап, жауапкершілігі мол қызметке дайын болған бозбала, еңбекке деген асқан құштарлықпен елі үшін қызмет атқаруға сақадай сай тұрады. Осылайша сарбаз Нұркен, 2007 жылы Сарыағаш АПБ-нің тергеушісі лауазымына тағайындалып, 3 жыл бойы тергеу істерімен айналысып, тәжірибесін толыстырады. Ал, 2010 жылы Сарыағаш АПБ-нің көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы, одан кейін Созақ АПБ Штаб тобының аға инспекторы лауазымында қызметін мінсіз атқарады. Өзінің ішкі істер органындағы қызметінің барлық қыр-сырын меңгере білген, қызметте іскерлік пен темірдей тәртіпті жаны сүйетін қызметкер қандай да бір істі қолға алмасын әрқашан мінсіз етіп атқаруға ұмтылады. Бұл үшін де арнайы басшылар тарапынан еңбегі еленіп, бірқатар алғыс хаттар мен мадақтамаларға ие болған.

Негізі, Нұркеннің еңбек жолы өте қызықты. Олай дейтінім, қатал тәртіпке бағынған полиция қызметкері ақ жүректі, мейірімді де ашық-жарқын. Онымен бірге, бала кезінен бастап, музыка әлеміне жаны құмар, қызығушылығы ерекше музыкант. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, әнді кез-келген әуезді әншіден кем айтпайды. Әсіресе жанды дауыста ән салатын өнерлі полицей патриоттық «Атамекен» әнін шырқап, әуелетіп ән салғанда тыңдаушының кез келгені тамсанып, таңдай қақпасы кемде кем.

— Полицей емес, әнші болғанда не істер едің? Қазіргі салаң өзіңнің таңдауың ба?-деп сұрағанымда, тосылмастан «Жо-жоқ, мен өз өмірімді өзге мамандықта елестете алмаймын. Өмір біз үшін берілген сынақ, ал сол сынақта біреу әншілікке құмартса, біреу жазушылыққа, енді біреу ақындыққа дегендей түрлі жан қалауына бейім болып келеді. Дегенмен де, әрбір адамның өз қалауы емес, тағдырдың жазғаны, өмір жолының бұрылысы қай жаққа бұрылса сол тұсқа

қарай жүре жөнеледі. Ал сол берілген жолды тегіс те дара ету- әр адамның талпынысы мен еңбекқорлығына байланысты. «Форма киген азаматтарды көргенде, олардың жүріс тұрысын салып, қолыма таяқ алып-ап, көлік тоқтатып, мен тәртіпті қадағалаймын, ұрлық жасасаңдар қамаймын»,-деп айтып жүретінмін. Бұл ісіме ата-анам мәз болып, мақтау сөздерімен қанаттандырып, артымнан қағып, одан әрі мені биікке ұмтылдыратын.» дейді арманы мен мақсаты іске асқан полицей.

ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің 2019 жылғы 4 наурыздағы тапсырмасына және ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға сәйкес, туристер көп баратын облыстарда туристік полиция құру жөніндегі жол картасы бойынша,Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон полиция басқармасының жанынан тұңғыш рет — туристік полиция бөлімі құрылды. Туристік полиция ағымдағы жылдың 14 мамырынан бастап, Түркістан қаласының киелі орындары Арыстанбап пен Қ.А.Ясауи кесенелерінің маңынан арнайы туристер үшін қызмет етіп жүр. Ал, Нұркен болса сол туристік полицияның құрамында, киелі мекенге туристерді тарту жолында өз үлесін қосуда. Өз міндетін мінсіз атқарып, туристер үшін тіркелу жағы қиындық туғызса, туристік полиция санаулы уақытта шешімін тауып, өз қызметін көрсетеді. Шетелдіктердің тілінде еркін сөйлеп, полиция тарапынан қажетті көмегін ұсынады.

Яғни, дәл бүгінгі күні Нұркен Алимбеков Түркістан ҚПБ көші-қон қызмет бөлімі туристік полиция тобының аға инспекторы лауазымында. Мектеп кезінен үздік оқыған полицей, бірнеше тілде еркін сөйлейді. Оған қоса, келбеті мен көркі де өзіне жарасқан, сымбатты сақшы. Нұркеннің бұл қырлары қалаға шамалап келіп, көбейіп жатқан туристер үшін жағымды пікір мен позитивті көзқарас қалыптастыратыны сөзсіз. Себебі, Нұркеннің білімі мен біліктілігі, ақылы мен көркі келіскен. Мақтауға тұрарлық қазақстанның азаматы. Өзінен кейінгі өрендерге бар білгенін үйретіп, жастарды одан әрі темірдей тәртіпті қызметке дайындап жүрген тәжірибелі полицей десек те артық айтқанымыз емес.

Білімді қызметкер отбасын құрметтеген, өзі де құрметті бола білген бақытты әке. Өмірлік жары, әйелі Нұрсұлу Нұрмұхаммедқызымен қазақтың қара домалақ үш ұлын тәрбиелеп, өсіріп отырған жас отбасы. Үлкен ұлы- Әлинұр әкесіне тартып өте білімді бала болып өсіп келеді. Оқуда озат.

Сымбатты сақшының бос уақыты көп бола бермесе де, мүмкіндігінше рухани тұрғыда өз-өзін одан ары байыту жағына үнемі көңіл бөледі екен. «Әдеби тілмен сөйлеуді жетілдіру мақсатында кітап оқып, газет-журналды шолып шыққанды ұнатамын. Сондай-ақ, ата-анама қолқанат болып, отбасыма, болашақ батыр ұлдарымның тәлім-тәрбиесіне назар аударамын,»-дейді, әкелік парызын ұмытпаған сақшы.

Нүркенмен сұхбат барысында оның сөздерінің анық және тыңдаушыға жағымды екеніне куә болдым. Сахна тілі сабағын меңгергенсіз бе, кейбір әртістер мен дикторлардың сөйлегеніндей, өте сауатты сөйлейсіз!-деп, сұрақ қойдым.(кейіпкерімді одан сайын жақынырақ білгім келді, себебі бұл кейіпкерім мен үшін ерекше кейіпкер. Жан-жақты, өте еңбекқор азамат. Басқа да ерлерге үлгі болады деп сенемін)

«Мемлекеттік тіліміз- қазақ тілі, ана тіліміз, болғандықтан оны қолданғанда да дәрежесін төмендетіп алмауымыз керек. Әрбір дыбысына мән беріп таза сөйлеуге, әдеби сөйлеуге тырыссақ, тіліміз де одан әрі ажарлана түседі емес пе?! Мәртебесі де жоғарылайды. Кейбіреулер ән айтқанда байқап отырамын, дауысқа көп көңіл бөледі де, сөзге мән бермейді. Дауысқа мән беру керек,ол дұрыс, дегенмен де дыбыстарды дұрыс қолдануды да ұмытпаған жөн.Екеуі әрдайым бірімен-бірі үйлесіп, егіз болуы керек. Сол сәтте ғана ән мен сөйлеген сөздерің әдемі, әрі құлаққа жағымды естіледі. Атағы жер жарған Абай атамыз да ән жайлы өлең жазғанда «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» деп бекер айтпаған ғой. Кәсіби әнші болмасам да, осы сәтте ойымда жүрген бұл пікірімді айтып кеткенді жөн көріп отырмын. Біреу түсінер, біреу түсінбес, дегенмен де бұл менің өз ойым.» дейді, тілге деген патриоттық сезімін байқатып.

Сөзімді қорытындылай келе, мен үшін үлкен өнеге көрсеткен, ерекше ер азамат, білікті полицей- Нұркенмен болған сұхбаттан рахаттана ләззат алып, уақыттың өте шыққанын байқамай да қалдым. Әрбір сөзіне жіті мән берсем, терең ойға еріксіз батасың. Сөйлеген сөздерін бөлгің келмей, тыңдаудан жалықпай ұйып отырасың. Ақындар мен ғалымдардың қанатты сөздерін қолдана отырып, сөздің майын тамызып айтқанда сөзінің шеберлігі мен ой парасатының жоғарылығына куә боласың.

«Ана тілің, арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте»- деп Қадыр Мырзалиев атамыз айтқандай, әр азамат осындай болса ғой деген ізгі тілекпен риза болып қоштастым.

Г.Абдурахманқызы

Түркістан облысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
revizorro.kz whatsapp
Сәлеметсіз бе?
Здраствуйте?