• Вс. Май 19th, 2024

REVIZORRO

БАҚЫЛАП КӨРЕЙІК — ДАВАЙТЕ ВЗГЛЯНЕМ

«Сұңқарымыз» темір тордың артында…

Автор:REVIZORRO

Сен 12, 2019

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевқа
Нұр Отан партиясының басшысы Елбасы Н.А. Назарбаевқа
ҚР президенті әкімшілігін басшысы Қырым Көшербаевқа
ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановқа
ҚР Министрлер кабинетінің мүшесі Бердібек Сапарбаевқа
ҚР Қазақстан Халық Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевқа
ҰҚК Түркістан облыстық департаментінің басшысына
ҰҚК Шымкент қалалық департаментінің басшысына
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевке
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовқа
Мемлекеттік қайраткер Нұрғали Әшімовке
Мемлекеттік қайраткер Болат Жылқышиевке
Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің басшысы Өмірзақ Мелдехановқа
Шымкент қаласы әкімі Ерлан Айтахановқа
Мемлекет және қоғам қайраткері Ұласбек Сәдібековқа
Түркістан облысы маслихатының хатшысы Қайрат Балабиевке
Шымкент қаласы маслихатының хатшысы Ғани Ташқараевқа
Түркістан облыстық маслихат депутаты Дулат Әбішке
Түркістан облыстық маслихат депутаты Әсет Қайыпбековке
Мақтарал өңірінің абзал азаматы, қоғам қайраткері Жәңгір Абиболлаевқа
Қоғам қайраткері Әсет Әссандиге
Танымал журналист Павленкоға
Танымал журналист И. Лунинге
«Уақыт» газетінің басшысы Талғат Балтабаевқа
Бұрыңғы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековке
«Казакстанская правда» газетінің тілшісі Любовь Добротаға
Танымал Журналист Алия Ортаеваға
Танымал құқыққорғаушы Амангелді Батырбековке
Барлық Бұқаралық ақпарат құралдарына
Барлық құқық қорғаушыларға
Барлық саяси партиялармен қоғамдық ұйымдарға
«Әділет» газетіне
«Жас Қазақ Үні» газетіне
«Замана» газетіне
«Жас Алаш» газетіне
Ү Н Д Е У !
Сегіз жылға бас бостандығымнан айырып, «ҰРЫ»- деп 29 млн. ақшаны қайтаруды міндеттеген әділетсіз қиянат сот шешімнің шыққанына 10 күн… Егер апелляциядан ұтылсам онда, жазықсыздан жазықсыз, өмірімнің соңғы белесін түрмеде өткізіп, артымдағы ұл-қызым тірі жетім, әйелім тірі жесір, өзім тірі өлік болғалы тұрмын. Тапсырысшының еркіне көмек сот пен «құқыққорғаушы» погонды бандиттердің біріккендегі жемісі осы. Бұдан 35 жыл бұрын, Ауғаныстанда бейбіт халықты қорғап, шындықты айтқаным үшін, «Пакистан шпионы», «совет халқының жауы», «ұлтшыл-пантүркист» болып айыпталып атылуға бұйырылған едім. Енді міне, халық қаржысын ұрлаған болып… Ол кез мейлі, Совет заманы, империя зорлығы, сталинизм дейік…
Азаттық алып, өз мемлекетімізді құрған жау жоқ, жұрт тыныш мына заманда, елдің көзін бақырайтып қойып тал түсте, жаламен (подстава), өтірік куәлікпен, орден алуға тиісті жұмысымды терісін аударып қиянат үкіммен түрмеге тығып жатқаны — не сұмдық?!! Ресейден құтылдық деп жүргенде, елімізге большевистік — сталиндік қанқұйлы режимнің келіп қалғанын байқамай қалдық па? Жетер биігіміз, аңсар арманымыз — Сталиндік Қазақстан ба еді? Сіздердің Креслоның құлы емес, Елдің Ұлы болып, азаматтық пікір білдіруіңізді СҰРАНАМЫН, жоғарыда аты көрсетілген замандастар!
2015 жылы Асқар Мырзахметовтың батасымен Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС- не директор болдым. Бұл мекеме «Модернизация- жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекет ақшасына көпқабатты үйлерді, олардың келісімімен жөндеп, жетілдіріп береді. Жөндеуге кеткен ақшаны тұрғындар пайызсыз кредит формасында ай сайын қайтарып отырады. Ал біздің мекеме қайтарым қаржы жиналған сайын оны келесі үйлердің жөнделуіне жұмсайды. Мен келгенде қайтарым қаржының жиналуы- 6-10% екен. Осы қаржыға 4 жылда 6- ақ үй жөнделген. Жоспарланған трансферт жоқ — яғни қаржылық жағдайы нөл. Айлыққа қарыз белшеден. Қайтарым қаржыны ұрлау асқынған. Реформалауға кірістік. Бір жылдай уақыт кетті. Нәтиже: 46 адам орнына 16 адам қалды. Қайтарым қаржы жинау 100 пайызға жетті — екі жылда 31 үй жөндеппіз. Облыста алдыңғы қатарда болдық. Тек Отырар ауданы ғана 130-140 пайыз қаржыны қайтарып — бізден алда болды. Әрине мақтандық, пияр жасадық. Телеарналар көрсете бастады. Халық мақтай бастады. Бұрын модернизациядан қашса- енді кезекке тұрды- себебі дұрыс түсіндірілді, жөндем сапасы күрт жақсарды. Басшылардың алғысына ие болып, трансферт бөлдіріп, ауқымды күшейтіп, мекемені жаңа деңгейге көтергізгім келді. Бірақ, қалаға Әбдірахимов әкім бола салысымен жағдай күрт өзгерді.
1 Ол кісінің алдына кірудің бар амалын жасап кіре алмадым- майде-шүйде басшылармен сөйлеспейді екен.
2 Мекеменің тағдырын бізбен кездеспей- ақ, сұрамай-ақ шеше береді екен. «Мұндайды» бұрын көрмеген едім. Мемлекеттік бағдарлама бойынша әкімдік жергілікті атқарушы орган (ЖАО) ретінде бізге, арнайы уәкілеттік органға (АУО) оның қажеттіліктерін өтеп отыру мақсатында табыс көзін беру керек, бізге автотұрақ берілген екен. Мен келгенде ол автотұрақтарды алдыңғы директор көпе-көрнеу арзан ақыға жалға беріп жіберіпті. Соттасып жүріп қайтардық. Екі айғана табыс көзінің толық қызығын көрдік. Одан соң қала басшылығы бізді мәжбүрлеп, автотұрақтарды жеке тұлғаларға жалға бергізді. Орнына ештеңке бермеді. Уәделерін орындамады. Әрине біздің мекеме қайтадан қарызға бата бастады. Біз наразы болып, ресми хаттар жазған соң, әрине жақпай қалдық. Тағы бір, және негізгі минусымыз- Балалар Темір Жолы (БТЖ). 2015 жылы өзіміз ғимаратында отырған БТЖ-н іске қосуды бүкіл жұртшылық, БАҚ- тар талап етіп жатты. Біз осы БТЖ-ны өз қаржымызға іске қосып, елдің де, басшылықтың да, аға ұрпақ, асыл тұлға, осы темір жолды дүниеге келтірген ағамыз – Асанбай Асқаровтың әруағының да разылығын алғымыз келді. 7,5 млн. теңгедей өз қаржымызға қайта жөндеп, жолдың шпалдарын ауыстырып, бекеттерді безендіріп, халықаралық балалар күні іске қостық. Пойыз жүрді. 4 ай елге қызмет етті. Қуанбаған адам қалмады. Ел болып қуандық. БАҚ тар жазды. Әкімге рахмет айтпаған БАҚ қалмады. Бұл 2015 жыл. Бірақ Ғабидолла әкім болып келген соң Темір жол сүріліп, орнына велотрек салынатын болды. Біз жария түрде болмасада, қарсы екенімізді білдірдік: Біріншіден аға-ұрпақ, асыл текті Асанбай Асқаровтан қалған жәдігер. Екіншіден, Шымкент сәбилерінің тамаша уақыт өткізетін орны. Үшіншіден, Шымкентке турист тартатын СССР бойынша жалғыз осындай обьект. Төртіншіден екі сұлу стансиясы бар, насыпь, көлі, тунелі, көпірі, темір жолы бар өте күрделі де қымбат инфраструктура. Мұны бұзғанша бұдан еселеп арзан түсетін велотректі басқа жерден қарастырған дұрыс. Бесіншіден — біз оны жүргіздік, істеп тұр- не үшін бұзамыз енді? Дедік.
Кейінірек осы тақырыпта Қалалық «Нұр Отанның» басшысы Өмірзақ Мелдеханов та сөйледі. Осы кісінің БТЖ ның бұзылатынын «естіп қоюын» қала басшылығы менен көрді. Өзі қалалық «Нұр Отанның» басшысы болса, маслихатта 30 ға жуық өз депутаты болса, Мелдехановқа осы тірлікті айтар, менен басқа ешкім жоқ па екен? Ол кісі өз алдына үлкен қоғамдық тұлға екені бәрімізге белгілі. Тіпті мен айтқан болсам да, өзімді айыпты санамас едім. Не керек осыдан соң, мен облыстың «қаладағы агенті» болып шыға келдім! Олар жау ма еді? «Кет» десе кете салар едім. Әкімге жағу үшін Мелдехановпен Шөкеевпен, Түймебаевпен, тағы кіммен — сөйлесуге болмаса — онда кете салған дұрыс. Тілімді кескенше. Өкінішке орай, біздің елдің жағдайында әкімдерді сайлаудан тағайындау дұрыс. Бірақ кей әкім өзіне берілген регионға үлкен перзенттік жауапкершілікпен қараса, кей әкім регионды өзіне пәленбай жылға берілген ойыншық деп ойлайды – «білгенімді істеймін» дейді. Осыдан кей әкім елге құт, кей әкім елге жұт. «Болашақпен» Еуропаға барып оқып алса болды — ойбай мынау, елді жұмаққа жеткізеді деп мақтайтын өзіміз де айыптымыз. Парижде шымкенттің менталитетін, экономикасының ерекшеліктерін, даму тарихы мен даму жолдарын біледі, үйретеді дегенге сенбеймін. Сол жақтан оқып келген «демократтар» мұнда келіп, мұрнын шүйіріп, елді менсімбейді. Қарсы пікір айтқанды «сындырады»- Лондон, Париждің үйреткені сол ма? Әлде істеп тұрған нысанды, ел сүйетін нысанды бұзу — еуро деңгейі ме? Лондонда оқымаса да өзіміздің қазақтың ішінде өсіп білім алған Сапарбаевтар, Жылқышиевтар, Әшімовтар, Мырзахметовтар, Шөкеевтер кімнен кем? Адалдығына да, кеңдігіне де, іскерлігіне де, ел тәнті емес пе? Жаңаөзен оқиғасында ренжіп, алған медалімді өкіметке қайта тапсырған едім. Шүкір-ау сол кезде әкім болып еуропада білім алған «болашақ емес», әшейін қара қазақ Мырзахметов болғанына…
Мыналарың ойланбай-ақ атып тастар еді. Жұмыстан айыбым жоқ — бар көрсеткішім жоғары. Айыбым — СӨЗІМ. Позициям. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақпын. Ақыны мен аққуын атқанды қанішер, қарабет көретін қазақпын. Көкшенің баурайында Сері Ақанның Құлагері омақаса құлағанда Сырдың бойында қосыла еңіреген қазақпын. Менің сөзімнің тек әкімдерге қарсы шықпайтынын да ел біледі. Әкімдердің дұрыс тірліктерін насихаттадық. Болат Жылқышиев ағамыздың тұсында президент сайлауы болды. Осы науқанда мемлекеттік аса маңызды тапсырманы орындадық. Болат ағам анама «балаңыз алтын»-деген, яғни тапсырманы абыроймен орындадым. Нұрғали Әшімовтың кезінде Маятастағы жанжалға араластым. Екі қауым арасын бес күн ішінде ретке келтіре алдық. Сапарбаевтың кезінде газ мәселесінде ауыр тапсырмаларды абырой мен орындадық. «Достық» мөлтек ауданындағы әлеуметтік жанжалды шешуге Ислам Әбіш ағамыз жіберді. Ол тапсырма да кедей-мүгедектің мүдделерін асыра орындай отырып шешілді. Осы тірліктердің ешқайсысы да менің қызметтік функцияма жатпаған, бірақ артық тірлік, басқаның қолынан келмейтін тірлік істедім, — деп ешқандай басшыдан ақша, мансап, орден сұрамағанмын. Ел үшін, Алла үшін дегенмін. Өзімді елімнің адал, лайықты, қызметі сіңген, әлі де талай еңбек ететін ұлымын деуші едім. Міне бүгін сол «патриот Мұхтарларыңыз» өсек-жаланы негіз қылған погондылар мен «заказ» орындаушы соттың пәрменімен «ұры Мұхтар» болып отыр. Мені айыптайтын жалғыз құжат — менің орныма таласып, даумен келген келесі директор — Бекжигитовтың тапсырысымен жасалған аудит қорытындысы. Бұл құжатта 2017 жылдың 1 қаңтарынан, 2018 жылдың 1 тамызына дейін болған барлық кірістер мен шығыстар «көрсетілген». Осы тексеру мерзімінде мекемеге 46 млн. теңге қаржы түседі. Соның 29 млн.-на «ақтаушы құжаттар» жоқ. «Осы ақшаны Мұхтар Мұхамбетжан жымқырған» деп финполға арыз береді. Ал финпол осы құжат негізінде мемлекеттік экспертиза істей салады. Финпол мені тергеуге шақырғанда айтқанмын: 2018 жылдың июлінде, бізді тексеріп жатқан антикорупция «М. Мұхамбетжан пара алу үстінде ұсталды» деп телемәлімет жариялайды. Монтаждалған видео көрсетеді. Мен әлеуметтік желіде бұл жалған деп, ертеңіне прессконференция шақырамын. Антикорупция мені шақырып алып, прессконференция жасамауға көндіреді. Адвокатым куә. Бірақ сол күні қан қысымым көтеріліп ауруханаға түсемін. Келесі күні кеңседен көптеген папкінің ішінен қайтарым қаржыға жөнделген үйлердің құжаттары жиналған папкілер қолды болады. Антикорупция келіп акт түзіпті. Сол үйлерге кеткен қаржыны алдымен құжатын жоқ қылып, енді сол қаржыны ұрладың деп маған жауып отыр. Дәлел: Мемлекеттік экспертизаның шығыс бөлігінде, біз бір жарым жылда жөндеген көп үйдің бірде бірі жоқ. Сонда біз бір жарым жыл бойы не істеппіз??? Екі домком келді сотқа. Біреуі өз үйінің 12 млн. теңгеге жөнделгенін, екіншісі 10 млн. теңгеге жөнделгенін айтты. Екеуі де оригинал емес, копия құжат алып келді, прокурор «копия болса болмайды»-деді. Мен «неге, сендерге құжаттың оригинал, копиясы маңызды ма, мемлекет ақшасының қолды болған- болмағанын анықтау маңызды ма? Ондай болса, үй Ресейде емес, «Военторгтың» артында, кез келген инженер — ол үйде жұмыс болған ба, болмаған ба, болса қанша соммаға болған екенін айтып береді ғой»- дедім. Тыңдамады.
Менің, басынан құжат (мемлекеттік экспертиза) бойынша позициям: Тексеру мерзімінде көрсетілген шығыстар түгел емес. Себебі екі жылда 38 үй жөндедік. Облысқа, қалаға, прессаға қанша рет айттық. Журналистерді автобусқа міңгізіп, сол үйлерді аралаттық- кеміне- 20 үйдің шығыны көрсетілуі керек еді. Және, папка ұрланса, мекемеде олардың сметасы, келісім шартары (договор) компьютерде бар — қайта шығарып домкомдарға қол қойдырып, оригинал жасау қиын емес. Және осы құжатта қаржы (сумма) дұрыс емес. Бір жарым жылда кемі жүзден аса млн. теңге түсу керек еді дегенмін. Яғни экспертиза кіріс пен шығысқа жасалса, онда екеуі де жалған көрсетілген. Осы сөздерді талай қайталап, судьяға жазбаша тапсырғаннан кейін біздің сұраныс хатқа әкімдік жауап берді. Әкімдіктің өкілі- тұрғын үй қатынастар басқармасының қызметкері сотта, «2014-2018 жылдары «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС қайтарым қаржыға 31 үй жөндеген, қаржысы (суммасы) 117 млн. теңге деп қағаз беріп тұр!!! Ал, 2014-2015 ке дейін «Тұрғын үй Шымкент» 6 үй жөндеген, яғни бұлар, экспертизаның қамту уақытында 25 үйдің жөнделгенін мойындап тұр ғой !!! Мен тұрып, «Міне судья мырза, менің айтқаным түгелімен дерлік расталды, жәбірленуші- қала әкімдігі тексеру мерзімінде ондаған үйлердің ондаған миллионға жөнделгенін ресми мәлімдеп тұр. Ал экспертизада бір де бір үй жоқ, яғни экспертиза қорытындысы шындыққа сай емес, сондықтан қорытындыны «заңдық жарамсыз» деп, мені ақтауыңызды сұраймын»- дедім. Қабылданбады. НЕГЕ??? Айтыңдаршы, НЕГЕ???
Енді ең басты сорақылық, осы тірліктің қала басшысының «заказы» екеніне дәлел: Беті бүлк етпей қала әкімінің өкілі «ия 31 үй жөнделгені рас, бірақ бұл үйлер экспертизада көрсетілмеген, сондықтан М. Мұхамбетжан сотталсын және 29 миллион қаржыны қайтарсын» деді. Бұл қалай?!!! Бастысы ақшаның ұрланбағанын, ақшаның өз мақсатында жұмсалғанын бәрі біліп отыр- бірақ өтірік экспертизаға ол ақшаны кіргізбесе болды — ұрланған болады екен!!! Мені жек көрсе, әкім жек көрер, басқаларына не жорық? Тал түсте болмаған қылмыс үшін жазықсыз адамды сотталсын дейтін не сұмдық бұл, ШЫМКЕНТ ӘКІМДІГІ? Креслоның құлысындар ма, елдің ұлысындар ма? «Ақша ұрланбаған, бірақ Мұхтар сотталсын, ақшаны қайтарсын», — міне, Ғабидолланың кезіндегі Шымкент әкімдігінің сиқы. Бір қала шеңберінде сталиндік большевистік қанқұйлы режим жасап, қызметкерлерді «Вампир» қылып қойған. Әкімдікте істедім. Көбісі намазға барады. Мешітке. Ислам адамнан емес, Алладан қорық дейді. Адамнан қорқып басқа біреуге жала жауып, балаларын тірі жетім ету- мұсылмандықтан тым алыс-ау? Әлде, бұл адамдар мешітке де «мода» деп барады ма екен? Біз дереу «қайта экспертиза» жасауды талап еттік- судья дереу ОТКАЗ берді. Өстіп отырғанда прокурор қойып қалды: «Сот мырза, ол 31 үйдің жайын да білеміз, — кейбреулеріне ақша түгел жетпеген!» АААА! Дереу атып тұрдым. «Судья мырза! Әкімдігі аз еді, енді прокурор да мені айыптайтын жалғыз құжат мемлекеттік экспертиза қорытындысының жалғандығын растап отыр: 31 үйді жөндеппін, бірақ кейбіреулеріне ақшаны толық құймай заң бұзыппын». Мейлі, кейбіреулеріне толық құймаған шығармын, қалғаны, толық құйылғандары қайда? Олардың саны қанша, соммасы қанша? «Ет сасыса тұз себесін, тұз сасыса не себесін.» — дейді бабалар. Мемлекет мүддесің заң сақтауын қадағалаушы Прокуратураның өзі ақшаның ұрланбағанын біле тұра, ұрлады деп елді түрмеге тоғытып жатса, онда мұны қалай атаймыз? Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүддесінен ру мүддесі, әкімнің нәпсісі, кландық мүдде жоғары болды дейміз бе? Құдай сақтасын, саяси маньяк басшы кетіп, алқаш әкім келсе бүкіл әкімдік пен прокуратура наркодиспансерден табылады ма? Ал ваххабист келсе ше? Мынау заман қай заман сорлы елім??? Кейінірек, әкім «менен де жақсы көрген» директор Бегжигитов келді. Сұрақтар қойдық. Осы тірліктің арсыз да айуандық ниетте жасалған тапсырыс екені, оның сөзінен де көрініп тұр:
-директор бола салысымен құжаттары жоғалған үйлердің құжаттарын қалпына келтірумен айналысқанын айтты. Және ерен ерлік жасап, жоғалған құжаттардың 80 пайызын қалпына келтіріп үлгергенін айтты. Енді не дейсіздер, Қазақ елі? Директор қай үйлер аталмыш мерзімде қайтарым қаржыға жөнделгенін, қанша екенін, соммасын- біліп тұр. Кішкене «секрет»: жоғарыда айттым, жөнделген үйлер- саны 38 еді деп, ал әкімдік 31 деп ресми мәлімет берді- құп-ақ. Калькулятор алып, мен айтқан 38 дің сексен пайызын есептеңдерші. Күлесіздер, 31 шығады. Яғни 31 үйдің құжаты қалпына келтірілген. Өкіл сол цифраны айтып тұр. Тек қала әкімі мен «срок» алғанша оларды жасырып отыр. Тағы бір мен шын жүрегіммен қызмет еткен әкімдігімнің арсыз айуандығы: НЕГЕ, жөнделген, бірақ құжаттары жоғалғанын біле тұра, «жымқырылды» деп арыз бердіңдер??? Заң шеңберінде «жаратылған, бірақ құжаты» жоқ ақша деген түсінік пен «жымқырылды» деген түсініктің арасы жер мен көктей екенін Бекжигитов біледі. Әкім де біледі. Және, мемлекетке адал болса, 80 пайыз өзі қалпына келтірген құжатты неге көрсетпейді? Неге бүгіңгі директор Нұрлан көрсетпейді? Естері дұрыс, ниеттері таза болса, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері болмаса, неге бар құжатты жоқ қылып, жасырып мені соттатып жатыр??? Судья осыны біліп тұрып, неге сол құжаттарды сұратпады? Бекжигитов жөнделген, бірақ құжаты жоғалған екенін «басында білмеді» деп айта алмайды- білетініне дәлелдер бар. Яғни Бекжигитов ұрлық болмағанын біле тұра, ұрлады деп финполға арыз жазды. Яғни маған «лжедонос» жасады. Судьядан ол кісіні жауапкершілікке тартуды талап еттім. Бір қаланың «фюрерінің» емес, Қазақстан мемлекетінің мүддесі үшін жұмыс істесеңіз онда маған «лжедонос» жасаған, ал мемлекетті ақымақ қылып алдаған Бекжигитовтың қылмысы көз алдыңызда дәлелденді- көрсетіңіз өзіңізді дедім. Бас тартты. Өкінішті. Міне, бұл тірлікте қылмыс жоқ екенінің, ойдан құрастырылған, бірақ сауатсыз адамдар құрастырған өтірік іс екеніне дәлелдер. Мені болмаған қылмыс үшін соттап отыр. Бұл науқанның маған берілген тапсырыс екеніне айтатын соңғы дәлелім: Мені қорғап сөйлеген куәгерлерге өзінің судья, яғни бейтарап болу керек екенін жиі ұмытып кете беретін Қахаров: Абайлаңдар, Мұхамбетжанға тағы екі «дело» бар. «Сені уже шақырды ма, пока что күә ретінде?»- деп қорқытумен болды. Сенбесеңіздер сот видеосында бар. Маған жала жаппай сөйлегендердің әзірейілі прокурор емес, судьяның өзі болды. 29 млн.ды ұрлағаныма жалғыз куә — бас есепші. Бұл азамат туралы көп сөз айтуға тұрмайды. Тергеуші не тапсырса, соны айтады. Келіскен. Бірақ басында айыптаумен толық келісемін деп ант берді. Ал айыптаудың жалғыз тірегі — экспертиза. Ол жерде шығыс бөлігінде бір де бір үй жоқ. Ал менің сөзімді жазып алған стенограмма арқылы мен бас есепші И. Жақсылықтың үйлердің жөнделгенін білетінін дәлелдедім. Ал біле тура, бас есепші бола тура, құжатта бірде бір үйге кеткен шығынның жоқ екенін біле тура, қалай айыптаумен келісті? Толығымен келісті?! Осыдан соң ол туралы айту – артық. Бірақ қайтып сөз болмау үшін тағы бір факт: Жақсылықтың сөзі бойынша, «мен Нұрлан Тәжібаев атты жігіттен 400 000 теңге қарыз екенмін, бермейді екенмін, қашып жүреді екенмін. Ол келіп офисті шошытып, айқай салып кетеді екен, мен жоқ болған соң. Содан Жақсылыққа тапсырма беріппін, кассадан бер ана Тәжібаевтың қарызын. Сонымен ол Тәжібаевқа менің қарызымды кассадан — мемлекет ақшасынан береді». Бұл сөзді менің орынбасарым Бақбергенов Көпжан да қуаттап, қара аспанды басқа төндіреді. Келді Тәжібаев. «Ия звандады. Ия келдім. Берді, рахмет. Бірақ маған Мәкең емес, өз досым Көпжан Бақбергенов қарыз еді. Көпжан көзімше Жақсылыққа звандады, бер деді. Келіп едім, 400 мың теңгені берді» деді. Міне, осындай өтіріктер. Бір қызығы осы ашылып дәлелденген, маған жабылған жала бойынша Жақсылық та, өз қарызын мемлекет қалтасынан бергізіп, онымен қоймай сол қылмысты маған жаппақшы болған орынбасарым Бақбергенов те ешқандай жаза алған жоқ. Себебі, әкімдікте отырған «фюрердің» тапсырысында Мұхтарды түрмеге тық делінген. БАСҚАЛАР ТУРАЛЫ ХЕЧ НИМА ЙОҚ, ПРИЧЕМ ТУТ ЗАКОНЫ КАЗАХСТАНА???
Міне осылай, бауырлар. Асықпай, мұқият даярланған, «танымал тұлғаны жоқ қып жіберу» жоспары. Менің 29 млн ұрланбағанын бір күнде дәлелдеп беретінімді біледі. Сондықтан жасырады. Алдымен түрмеге тығу керек деп жоспарлайды. Сонан соң 29 млн.-ның айыптауына қолы кісендегі Мұхтарға қол қойдыру қиын болмайды деп есептейді. Бірақ, жақтасы көп, ертең жұртшылық шу шығарып, резонанс жасайды ғой? Мұның да алдын алу үшін «ұйымдасқан қылмыстық топ» менің 50 жылғы абыройымды жоқ қылып, арамдықтың тереңіне жете бермейтін көпшілікті менен жирендіру үшін «жәрдемшісі мен ойнас болды» деген тақырыпта «видеомонтаж ұйымдастырады». Өзімді ондай видеоға түсіре алмасы сөзсіз ғой, сондықтан массаж кезіндегі дауысымды жазып алып, жастардың интим видеосына сол дауысты салады. Осы «дауыс Мұхтардікі» негізінде мен зорлықшы болып шыға келемін. Ақырында, әлгі видеода екі емес, үш адамның дауысы бары анықталып, үшінші адам кім екен деген сұраққа прокурор жауап бере алмай «машқара» болады. Ал видеодағы үшінші адамның кім екенін тергеу кезінде іздемей, экспертиза жасамай, менен де, жәбірленушіден де, сұрамай РОВД қалай прокуратураға өткізді? Беті бүлк етпей прокурор қалай қабылдады? Осы дөрекі кемшілікті көре тұра судья қалай істі қабылдады? Бұл өз алдына бөлек жыр.
Бұлардың арам ниетінен жиіркенген жәрдемшім, видеода өзімен шын болған «ғашығының» атын атап, сотқа алып келемін деді. Осыдан соң, амал жоқ, бұл айыптауды сот алып тастауға мәжбур болды. Бірақ ұйымдасқан қылмыстық топ арманына жетті: Осы айыптаудың арқасында талайлар анық-қанығына жетіп алмай менен теріс бұрылды, және дұшпан Жала Жабу Сотын жабық түрде жүргізуге мүмкіндік алды. «Ұлтымыздың мақтанышы, ожданы» деп жүрсек, — Мұхтарымыз осындай ма еді???- дегендер де болды. Табалады. Теріс айналды. Өкінішке орай кез келген саяси тұлғаны, тіпті 24 жыл бойы намаз оқып, жүздеген адамды намаз оқытып, Ұстаз атанған мен сияқтылардың өзіне кез келген жеркенішті «жаланы» лақтыра салса, қоғамымыз мәңгіріп қалады екен. Яғни тым шикі, тым жас, тым саяз екенбіз… Сот әдейі осы «елде болмаған, жала екені белгілі, айтуға ұят статьяны, «хищение» бойынша статья өз мәресіне жеткенше, біз қанша талап еткенмен, тірлік қанша дәлелденіп қойғанмен, жаппады, қысқартпады, қысқартса — сот ашық болу керек. Онда пресса келеді, онда «хищение»нің «далбаса» екені белгілі» болады. Осыған дейін мен де елге сөз айтпадым. Шыдадым. Үкімді күттім. Өздеріңіз көріп отырсыздар, ұрлық жоқ. Бар ғұмырымды Қазақ Ұлтының мүддесі үшін- Намысы үшін арнаған адаммын. Байлық пен карьера қумадым, өздеріңіз білесіздер. Ел басына күн туса, мен ешқашан сыртта қалмайтын едім. Тек билікке қызмет етпедім. Ұлтқа қызмет еттім. Мемлекеттік қызметте жүріп «Алтынбек Сәрсенбайдың- қазасы өте ауыр қылмыс, бұл мемлекетке жасалған опасыздық» деп интервью бергенмен, ешқашан ождан тазалығыма кір түсірген емеспін. Кез келген қиянатқа үн білдіріп отырдым. Енді міне, өзім шынжырдамын. Өмір бойы, сан рет Ұлт мүддесін, жас Мемлекет мүддесін өз мүддемнен жоғары қойып, сол Ұлы ұғымдардың Жыршысы, Жаршысы, Жаушысы, Қорғаушысы болдым. Осындай өмір сүргенімді мақтаныш етемін. Бірақ, бүгіңгі күн, бірінші рет, мен өзім Ұлтымның Қорғанына мұқтаж болып отырмын. Креслоның құлы емес, елдің ұлымын деген азаматтарға үн тастап отырмын. Жоқ қылмысқа 8 (сегіз) жыл берген қорқаулар, «бұдан құтылсаң әлі екі делоң бар» — деп ашық азуын ақситып отыр. Мұндай қиянат, «заказ» шешім шығару үшін судья алдымен ертең осы шешімді тексеретін орган- апелляция мен келісіп алады, тек сол жағдайда үкімін шығарады дейді білетін ел. Сондықтан апелляциядан ҮМІТІМ ЖОҚ. СЕНБЕЙМІН. Мемлекеттік қызметке отырып алған қорқаулар бірігіп алып бүгін мені, ертең оны, арғы күні ананы БАУЫЗДАП ЖАТСА… онда бізге ЖОҢҒАРДЫҢ КЕРЕГІ НЕ? Жоңғарсыз-ақ Қаратаудың басынан көш келе жатса, көшкен сайын бір тайлақ бос келе жатса…
Ішкі дұшпан құтырса, сыртқы дұшпанның керегі не? Тәуелсіздік үшін күрескенде дұшпандарымыз «сендер азаттық алып, орыстар кетсе, бірер жылда өз- өздеріңді түтіп жейсіңдер» деп қорқытушы еді. Әлде, сол заман келіп қалды ма? Алла сақтасын ол күннен. Мен түрмеден қорықпаймын. Тек өз елімде, өз жерімде, Отаным үшін адал қызмет ете тұра бірігіп алып, ырылдап талаған «қорқаудан» жеңілетінім жүрегімді езіп, намысымды жыртып барады. Әділетті «қорғаушы» мені Залымдар жеңсе, басқа елдің күні не болады? Сыртқы жаусыз-ақ іштен іріп, әділеті қайда, қиянаты қайсысы- деп жаутаңдап қалған ел ертеңінен қорқамын. Сондықтан Залымдық Күшіне, қиянатқа бірге қарсы тұрайық. Елді қара баспасын. Мен үшін емес, мені Қазақ Республикасының Намысы үшін, Азаматтық Позицияның бар екенін білдіру үшін, Азамат екенімізді білдіру үшін, Креслоның Құлы емес, Елдің Ұлы екенімізді білдіру үшін, шешуші орындарға пара беріп отырып алған қорқауларға ел тағдырын беріп қоймайтынымызды білдіру үшін ҚОРҒАУЛАРЫҢЫЗДЫ СҰРАЙМЫН. Себебі мен Сіздердің дәл сондай ниеттегі бауырларыңыз едім, бұйыртса әлі де болармын да…
13.08.2019жыл Мұхтар Мұхамбетжан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
revizorro.kz whatsapp
Сәлеметсіз бе?
Здраствуйте?