29 млн. түгілі 29 тиында ұрламай, өз елім, өз жерімде Жала мен Қиянаттың құрбаны болып, 8жылға үкім алдым. Маған тағылған «айыпқа» күлмейтін басшы қалмас: Бір жарым жыл бойы, банкіден бір рет емес, екі, үш, он рет емес, екі жүз реттей келген ақшаларды опырып, жымқыра береді екенмін, жымқыра береді екенмін…
Тіпті сол екі жүз реттегі келген сомманың бірінің де артын жаппаппын, не деген «батырлық» десеңші… Ұры деген, ақшаны қалтасына салмай жатып, орнын бума-бума құжатпен толтырып тастамас па? Жылдар бойы басшы болған мен, бұрындары неге мұндай «дебилизмге» бармаған екенмін? Бірақ, Ұры емес екенімді Шымкенттің маған шүйіліпте, соттатып та, бүгіңгі күн өзі қуылып та үлгерген Экс — әкімі ғана емес, былайғы ел де біледі. Шын айыбым қайсы? Мекемеміз сонда отырған соң, ел үшін, қаламыз үшін, асыл зат Асанбай ағаның әруағы үшін деп, 200 млн. сұралған Темір Жолды қалтамыздан 7 млн. шығарып, қурап, жоқ болуға сәл қалған Балалар Темір Жолын жүргіздік. Ұры болсам, дүниеқор болсам, сұраңдаршы, сол 7 млн.ды бюджеттен қайтарып алыппын ба? Тіпті, сұраппын ба? Кейін жүректі жыртып, жанды мұздатып, Темір Жолды бұзамын, орнына велотрек саламын деген зың – басшыға қарсы сөз айттым. Болмайды дедім. Осы айыбым. Ескі шаһарды бұзбаңдаршы, жерінің бетіндегі үйлерінің тарихи маңызы жоқ шығар, жерінің астындағы екі мың жыл тарихты мыжғыламайық та,- дедім. Екі-үш үйдің бірінде әулие жатыр, аруақ ұрады дедім. Айыбым осы. Мекемемізден автотұрақтарды тартып алып, заңды дал-дал бұзып бір күнде он жылға «срогын» созып жекеменшікке тарқатып жатқанда, «дұрыс емес бұл»- деп әкімге хат жаздым. Айыбым осы. Өз ауласындағы жеміс жидегін сатып күнін көрген, Қазығұрт, Сайрам, Төле бидің келіншектерін Қырғы базардан күшпен қуу қиянат дедім. Базардың ішіндегі аргентин мен қытайдың, адам түгілі құрт та жемейтін ГМО- алмасын мың теңгеден бұлдаған алыпсатарға тимей, экологиялық таза, қытайдыкінен жеті есе арзан, отандық тауарды сатқан қарындастарды күштеп қуу қай елдің экономикасын қолдау екен? Әлде біздің әкімді тек Астана емес, Пекин де тағайындай ма? Осы менің айыбым. «Ұрлығым тұралы» Басшылық маған: «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС — қираған, жағдайы мүшкіл мекеме, саған сенеміз, көтеріп бер- деп жіберді. Расында, ұрлық асқынған, елудей адамы бар, қарызы көп мекеме екен. Мемлекет бөлген қаржыға көп қабат үйлерді жөндейді, сол жөндемнің ақшаларын жинап, басқа үйлерді жөндеп ақшаны айналдыра береді. Мен барғанда мекемеде теңге жоқ, қайтарым қаржыны жиналымы- 6 пайыз екен. Төрт жылда алты үй жөнделіпті. Айлықтың жүз мыңнан кемі жоқ. Ол кезде «кейінірек ұры қылатынын» білмедім, үлкен шабытпен реформаға кірістік. Елу адам он алты болды. Айлық «көрпеге қарап көсілді». Сол уақытқа дейіңгі жөндеу сапасына ел қатты наразы екен. Әр үйдің мердігерін шұғыл шақыртып, жөндемдегі кемшіліктерді ретке келтіре бастадық. Ақша жинауды қалалық оператор, «ОМЕГА» ЖШС-на тапсырып, ұрлықтан құтылдық. Елдің жоғалған сенімін қайтару үшін. Хабар, ШТВ, сияқты телеарналармен бірлесіп, жұмыстарды көрсетіп отырдық. Сонымен, ел сеніп, СЕҢ қозғалды. Қайтарым қаржының деңгейі 100 пайызға жетіп жығылды. Облыста бұл көрсеткіші жүз отыздан түспеген Отырар ауданынан кейіңгі орынға шықтық. Осылайша маған дейін төрт жылда алты үй жөнделсе, ендігі 2 жылда 38 үй жөнделді. Осындайда адал да жемісті жұмысым үшін Шымкент қаласының алғысы — 8 жыл түрме болды. Шетелге барып оқығандар белгілі мақалды теріс түсініп, «Аспен ұрғанды, таспен ұру керек»- деп жүр-ау… Ел болып, ел басшылығынан сұрайық: Бұдан былай миллион халқы бар Шымкентке басшы қоярда сәл ойлансыншы: Миллион тағдыр — «білгеніңді қыл, тек жылама» деп, бұзық балаға бере салатын ойыншық емес қой… Өз елінің мәдениетін білмейтін, тарихын сыйламайтын, өткен жылдары үлкен бір басшы айтқандай атаққұмарлық, ақшақұмарлық, ұрда жықтан басқа қасиеті жоқ «киндерсюрприздер» бұдан былай Шымкентті ойыншық етпесінші… Сын шамына тисе болды ытыранып, құтырынып, бүкіл финпол, полицияны сыншыға айтақтаса, ал погондылар да Ұждан мен Заңды ұмытып, аш төбеттей бас салып, жала, подстава, өтірік видеолар ұйымдастырып, қызметкерлерді үркітіп, болмаған қылмысқа күә етіп жатса — біз қандай ел болдық? Арманымыз — алдыңғы қатарлы 30 елдің арасынан орын тепкен өркениетті Қазақстан ба, әлде… Ғалымдары мен патриоттарын, рухты азаматтарын «Халық жауы» деп жалалап миллиондап қырып салған, концлагерлік — сталиндік СССР — ді бетке алған Тозақстан ба? Бір-ақ адамның ауызша ғана куәлігімен азаматты жылдар бойы түрмеге тығуға болатын болса, Тозақстан – СССР емей немене???
Қырағы болайық елім. Қой терісін жамылған «қорқаулар» бүгін мені «Ұры»десе, қолдарына күрек алып тұра ұмтылмай, ойланып алыңыздар. Мүмкін мен ұры емес, елін, дінін, аға-ұрпақтың еңбегін қадірлеген, ел мүддесін, ел дүниесін бұзылудан қорғап қалған патриот шығармын?
Ел араша түспесе, нақақ жаламен бүгін мені құрытар. Ертең кімнің кезегі? Арғы күн ше?
Ел сөзін сөйлейтін азғана азаматты түрлі «өтірік айыптар мен» бір-бірлеп, тауысса, содан соңғы елдің күні қалай болмақ?
Соғыс ардагері, Қызыл Жұлдыз Орденінің кавалері, Тәуелсіздік үшін күресті ұйымдастырушы, өмірін қазақ Рұхын қорғау, мемлекет мүддесіне қызмет етуге арнаған, ең ауыр, оты лапылдаған бәлекеттерге бұлданбай қойып кететін мен сияқты қоғамдық белсендіден, коррупциядан қайта тұрмастай қисайған мекемені бір жылда аяққа тұрғызып, алға шығарған менен «коррупционер» жасап жатса, және бұл тірлікке жұртшылық қаһарланып қарсы тұрудың орнына, шоқ-шоқ деп табалап жатса, онда біз ел бола алмаймыз-ау. «Сотында әділдік болмаса, елдің болашағы болмайды»- деп бекер айтқан жоқ-ау Елбасымыз Н. Назарбаев. Мұндай опасыздықты көрген жас буын елге адал қызмет етпейді, мемлекетке деген сенімін жоғалтып, әр кім өз басын ойлайды. Осылай ата-баба арманы- Тәуелсіз Қазақ Мемлекеті ойран болуы мүмкін.
Өмір бойы ел намысын, әділді, әлсізді қорғап келген мен бүгін өзім қорғанға мұқтажбын. Мүмкін бұл, соңғы сөзім де шығар — осы хат жарық көрген соң, жазуыма рұқсат бере қоймас. Елім! Бар екенің рас болса, Залымдық күшіне Абыройымды таптатпаңдар. Өмірімнің соңғы белесінде суық түрмеде қорлатпаңдар. Алғыс күткен жұмысымды қарғыс алардай өңін айналдырған Ұждансыз соттан қорғап қалыңдар.
Құрметті Қазақ Елі! Басшылар! Азаматтар!
